); ga('send', 'pageview');
 

Латын жазуы – қазақ тілін еркіндікке шығарады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуір күні жасаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы тек шетел қазақтарын ғана емес, бүкіл түркі дүниесін дүр сілкіндірді. Қазіргі таңда бүкіл түркі дүниесі латын әліпбиіне өткенде тек Қазақстан мен Қырғызстан кирилл таңбаларында болатын. Олардың өтуімен түркі дүниесіндегі мәдени және рухани ынтымақтастық жаңа белеске көшпек. Қазақстан осы орайда өзге түркі республикаларының латынға өтуде жіберген қателігінен сабақ алып, ең мықты реформаны жасайды деп сенеміз.

Түркілер қолданатын латын әліпбидің әрқилы емес, біркелкі болуы туысқан елдер арасындағы түсіністік пен ынтымақтастықтың нығаюында көкейкесті екені сөзсіз. 1940 жылы кеңестік кезеңде түркі республикалары латыннан кириллге өткенде әр республика өз бетінше алфавит жасап әзірбайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, татар, түркімен секілді халықтар бір-бірінің жазғанын оқуда қиыншылыққа ұрынған еді. Онда біркелкі дыбысты бейнелейтін әріптер басқа болды. Алфавиттегі таңба сандары да әр түрлі еді. Атап айтқанда, қазақшада – 42, өзбекшеде – 38, қырғызшада – 41, түркіменшеде 36 әріп. 1991 жылы Кеңес Одағы құлағанда түркі республикалар осы кирилл әріптерінен бас тартып латынға көшті. Мұнда да Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркменстан республикаларының ортақ жүйеде емес, әр қилы жүйеде өткені сондай-ақ біраз ағаттықтар жібергені байқалады.

Ал Түркия болса латынға 1928 жылы өткенімен онда бар-жоғы 29 әріп бар. Олардан бірқатар дауыстар ескерілмегенін бүгінгі ғалымдар айтып отыр. Негізі түркі тілдерін 34 таңбамен белгілеуге болады. Бүгін түрік латын әліпбиінде 5 әріп кем болып отыр.

Жоғарыда кеңестік кезеңде түркі республикалардың түрлі-түрлі нұсқада кирилл таңбасына өткенін айтқан едік. Тіл ғалымдары, солардың ішінде ең ұтымды алфавиттің Қазақстан қолданған кирилл әліпбиі екенін айтуда. Мәселен, түрік ғалымы Хатиже Ширин Ұсер қазақ-кирилл әліпбиі өзге түркі-кирилл алфавитіне қарағанда, таңбаның графикалық және фонетикалық тұрғыдан бір-бірімен байланысты болуы және бір дыбысқа бірден көп таңба берудің болмауына байланысты мұқият дайындалғанын айтады. Бұл тұрғыда қазақ-кирилл әліпбиін дайындаған тіл ғалымы С.А. Аманжоловтың рөлінің зор екендігін атап өтеді.

Біз қазақ-кирилл әріптерінің сәтті шығуының қосымша бір себебін де одан алдынғы қазақ-латын және қазақ-араб алфавиттерінің сәтті дайындалғандығы екенін айтар едік.
Әсіресе Ахмет Байтұрсынұлының жасаған қазақ-араб әліпбиі түркі дүниесінде осы жүйедегі ең ұтымды жасалған әліппе болып табылары хақ. А.Байтұрсынұлы Исмаил Гаспиринскийдің «Ұсұли саутие», яғни «дауысты тәсіл» методикасы ретінде дайындаған әліпбиі қазақтың тіл ережелеріне нақты келген. Осы орайда Түркияда Ататүрікке қатысты айтылып жүрген бір анекдот А.Байтұрсынұлының осы реформасының ұтымдылығын көрсету тұрғысынан маңызды. Сол анекдоттаАтатүрік «Мен Байтұрсынның төте жазуын бұрын білгенде, араб графикасынан латынға өту жайында шешім қабылдамас едім» деген екен. Бұл анекдоттың қаншалықты шындық екені белгісіз. Бірақ бір нәрсе бұлтартпас ақиқат. Ол түркі халықтары мың жылдан астам қолданған араб графикасына бұрынды-соңды ең ұтымды реформаны А.Байтұрсынұлының жасағандығы. Ол осы әліпбиін дайындаған үш мәселені негізге алған.

1. Қазақ-араб әліпбиінен қазақ тілінде орны болмаған дыбыстарды бейнелеген (сад, дат, ты, зы) әріптерді алып тастау
2. Қазақ тіліндегі әр дауысты дыбысқа бір таңба белгілеу
3. Қазақтың сингармонизм заңдылығын қамтамасыз ету үшін сөздің басына жіңішкелік белгісін қою.

А. Байтұрсынұлы өзі «жаңа емле» деп ат беріп 1912 жылы «Оқу құралы» атымен жарияланған кітабында атап өткен, осы реформаланған қазақ-араб әріптері қазіргі күнде «төте жазу» деп аталуда. Сондай-ақ Қытайдағы қазақтар оны қазірдің өзінде де қолдануда.

Түрік ғалымы Ұсер қазақ тілінің емле қағидаларының тарихта алғаш рет А.Байтұрсынұлының қолға алғанын және оның осы ережелерінің кейінгі латын және кирилл алфавиттерінің жасалуына негіз болғанын айтуда. Міне, бүгінгі таңда латын әліпбиіне өтерде Қазақстан ғалымдарының негізге алары қазіргі кирилл әріптері емес, сәтті жасалған А.Байтұрсынұлының төте әріптері болу керек. Сонда қазақ тіліне толық үйлесімді мықты алфавит ортаға шықпақ. Әйтпесе кирилл әріп жүйесінде кейбір қателіктер латынға да өтіп, кейбір кемшіліктерге ұрындыруы әбден ықтимал. Біз төменде кирилл әріптерінің бүгінгі қазақ тіліне кері әсерін ашып көрсететін боламыз.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2006 жылы латынға дайындық жасалуы туралы шешімінен кейін Қазақстанда латын әліпбиіне қатысты 100-ге тарта жобаның жасалғаны айтылуда. Көптеген газет және журнал, әсіресе интернет парақшаларында кириллге қоса, латын жүйесіндегі беттерін де іске қосты. Жеке адамдар интернетте, қалта телефонында латын әріптерін көбірек қолдана бастады.

Біздің байқағанымыз, осы латын әріптерінің көпшілігінің орынды қолданылғанымен бірнеше әріпте, әсіресе орыс тілінің емлесінің әсерінде қате қолданыстар кең тараған. Бұлар кезінде, атап айтқанда, 1940 жылы қазақ-кирилл алфавит жүйесі жасалған уақытта 60 жылдан кейін қазақ тілінің орыс тілімен мұндай араласып кететінін есептелмеуінен туындаса керек. Осының салдарынан қазақ тілінің фонетикасының өзгеріп кеткендігін қарапайым халық былай тұрсын, тіл ғалымдарының өзі кейде парықтай алмауда.

Бұған әсіресе «е» әрпі нақты дәлел бола алады. Қазақтың кирилл әріптерін жасаушылар бұл әріптің кейін орыс тіліндегі «е» әрпімен шатасатынын есептемеген болса керек. Өйткені орыс тілінде осындай дыбысты бейнелейтін екі әріп баршылық. Оның екіншісі «э» әрпі. Өйткені «е» әрпі сөздің басына келгенде «йе» деп оқылады. Егер сөздің басында «е» оқылу керек болса, онда ол сөз «э» әрпімен басталады. Мұны орыстар өзінің тілінде жақсы орналастырған. Қазақ әліпбиін жасаушылар мұны басшылыққа алмаған болса керек. Міне, мұның салдарынан қазір қазақтар бұрын «эр», «эрлік», «Эсенгүл» деп оқылып келген сөздер мен есімдер «ер», «ерлік», «Есенгүл» деп жазылғандықтан, мұны орыс емлесінің қағидасымен оқығанда бұлар «йер», «йерлік», «Йесенгүл» деп оқылып, латын әліпби жүйесінде солай («йер», «йерлік», «Йесенгүл») жазылып келеді. Бұл сөздеріме дәлел үшін 1910-1920 жылдары қолданылған төте жазумен жазылған мәтіндерге қарау жеткілікті.

Осындай екінші әріп – «у» әріп. Бұл әріп орыс тілінде және қазақ тілінде екі бөлек оқылады. Сондықтан оны латын тіліне транскрип­циялауға абай болу керек. Бірақ өкінішке қарай, ол қазақ тілінің ерекшеліктері назарға алынбай, тек орыс тілінің қағидасымен аударылуда.
Орыс тіліндегі «у» әрпінің баламасы қазақ тілінде «ұ» әрпі болып келеді. Ал қазақ тіліндегі «у» әрпі сөздегі дауысты немесе дауыссыз, жуан дауысты және жіңішке дауысты әріптен кейін келуіне байланысты «в», «ұв» және «үв» түрінде оқылады. Бірақ біз бұлардың бәрін латынға транскрипциялағанда орыс тілінің қағидасы бойынша «ұ» жасап отырмыз.

Мәселен, «бару», «келу» деген сөздердің соңындағы «у» әрпі латын болғанда «-у, -у» түрінде келсе, жақсы болады. Сонда ол “барұ”, “келү” емес, “бару”, “келу” түрінде жазылуға тиіс.

Мысал үшін қазақ кирилімен менің атым «Уақап» деп жазылады. Бірақ бұл латын әріптерімен «Ұақап» деп емес «Уақап» деп жазған дұрыс. Ал Уақап деген атты орыс кириллицасымен жазатын болсақ, «Вақап» деп жазар едік. Сол секілді орыс тілінде «Евразия» сөзін қазақ кирилімен «Еуразия» деп жазамыз. Сонда қазақша «Еуразия» деген сөзді латынға «Еұразія» деп пе, әлде «Еуразія» деп жазу дұрыс па?

Мәселен, «уақыт» дегенді, қазірге дейін жазылып келгендей «ұақыт» (ұақыт) деп емес, «уақыт» (уақыт) деп жазылса болады. Сол секілді «тәуелсіздік» сөзін (мұны орыс тілінің емлесімен жазсақ «тәвелсіздік» деп жазар едік) латын әріптерімен «тәұелсіздік» деп емес «тәуелсіздік» деп жазылса дұрыс.

Үшінші бір әріп – «и» әрпі. Орыс тілінде біркелкі дыбысқа сай келетін «е» және «э» әріптері болса, қазақ тілінде де бір-біріне ұқсас «и» және «і» әріптері бар. Бұл жағдай орыс тілінде жоқ. «І» әрпін латынға транскрипциялауда проблема жоқ. Бірақ «и» әрпі орыс тілінен қазақ тіліне кірген сөздерде «і» деп латынға аударылғанда дұрыс келгенімен қазақ тіліндегі сөздерде дұрыс келмейді. Оны кейде «и», кейде «ый» деп аударған дұрыс.

Мысалы, «сенің», «мәтін», «иман», «қисын» сөздерін «сенін», «мәтін», «иман», «қыйсын» деп жазған дұрыс. Ал «и» әрпі орыс тіліндегі бір мәтінде латынға аударғанда «і» болып келетінін ескерген жөн. Мәселен, орыстың «книга» деген сөзін латынға аударғанда «книга» түрінде емес, «кніга» түрінде аударған дұрыс. Бұған абай болу керек.

Қорытындылар болсақ, Қазақстан – түркі республикалар ішінде латын әліпбиіне ең кеш өтетіндердің бірі. Осыны жақсы пайдаланып Қазақстаннан бұрын латынға өткен елдердің тәжірибелерін мұқият зерттеп, олардың артықшылық және кемшіліктерін салыстырып, түркі елдері ішіндегі ең мықты латын әліпбиді жасауымызға болады. Сөйтіп араб және кирилл графикасында бүкіл түркі дүниесі бойынша озық алфавитті жасаған Қазақстан латында да бұл табысын қайталауы әбден мүмкін. Мұмынен қазақ тілі орыс тілінің әсер ықпалынан еркіндікке де шығатын болады. Латын әрпін қолданып жатқан өзге туысқан елдердің тілдерімен бір арнада өзінің табиғи даму жолына түсіп асқақтайды.

Әбдіуақап Қара,

тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер

университетінің профессоры, Түркия

Abai.kz

Other posts in this category