); ga('send', 'pageview');
 

Ұлттық әліпби құрастыруға не кедергі?

Жуырда ғана Елбасы Н.Ә. Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізгенде кириллицадан латын графикасына ауысу мәселесі туралы айта келе, ғалымдар жаңа әліпби жобасын өзіне әкеліп, Жарлы­ғымен бекітіп беруді сұрағанын жеткізді. Президент одан бас тартып:

– Олай болмайды дедім. Асығатын ештеңе жоқ. Халық түгел мұқият қарасын. Мен оны Парламентте де талқыға салуды ұсындым, депутаттар қарады, өз пікірлері мен ескертпелерін айтты. Қазір әліпбидің егжей-тегжейлерін талқыға салуда. Қашан бір ымыра орнайды, ғалымдар, тілтанушылар мен тарих­шылар ортақ ой мен келісімге келеді, сонда мен латын графи­касындағы жаңа әліпби қабылданғанын жария етемін, – депті («Айқын» газеті, 15.09. 2017).

Демек, белгілі бір «белгісіз ғалымдар» ұсынған жаңа әліпби жобасының артық-кемшін тұстары туралы өз ойымызды ортаға салуға әлі де кеш емес екен. Жұртты жалықтырып алмау үшін бұрыннан айтылып келе жатқан кейбір мәселелерге қайта тоқталмай-ақ, осы әліпби нұсқасының артықшылығы мен кемшіліктеріне ғана тоқталайық.

Артықшылығы:

1. Елбасының жаңа әліпби жобасында қазақ тіліне тән дыбыстарды «латын әріптерінің үсті мен жанына ноқат, ілмектер жалғап таңбалау дұрыс емес» дегенін ескергендігі.

Расында да түрлі белгілер арқылы ағылшын тілі әріптерін өзгертіп, қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалау қолмен жазу кезінде едәуі қиындық келтіретін еді. Өйткені асығыс жазғанда сол белгілерді қоймай кетсек: «ә», «ө», «ғ», «ң», «ү» дыбыстарымен айтылып-жазылатын сөздер «а», «о», «г», «н», «ұ» болып жазылып-оқылатын еді.

Ең бастысы – ағылшын әрібін сәл өзгертсе болғаны, ол – ағылшынның әрібі болмай қалатыны және ондай таңбалар компьютердің ағылшын тіліне негізделген пернетақтасында (клавиятурасында) немесе т.б. электронды құрал-жабдықтарда жоқ екені қаперге алынбаған болатын.

2. Тағы бір артықшылығы: Жаңа әліпби жобасы ағылшын тілінің 26 таңбалық әліпбиі аясынан еш шықпағандығы деп айтуға болады.

Бұл екеуі – «латынша әліпбиге көшу арқылы ағылшын тілін «жаппай» оңай игереміз», «ағылшын тілді алпауыт мемлекеттермен мүдделеспіз», «біз, қазақтар, сіздерден (ағылшындардан) үлгі алып отырмыз», «сіздердің де ықпалдарыңызда боламыз» деген сияқты т.б. «бірдеңе» ойларымызды жүзеге асырғанымызды білдірсе керек.

Ал кемшін тұстарына тоқталатын болсақ, бұл орайда айтарымыз өте көп. Енді солар туралы өз ойымызды ретімен білдірейік.

1. Ең басты мақсат – қазақ тілінің қазіргі дыбыстық жүйесі мен әліпбиіндегі басы артық кірме дыбыстардан және соларды таңбалайтын әріптерден арылып, әліпби ауыстыру арқылы ұлттық-лингвистикалық мәселені шешіп, рухани тәуелсіздікке қол жеткізіп, латыншаға көшу арқылы тіліміздің өзіндік табиғи бітім-болмысын сақтап қалу еді. Бұл мақсат-мұратымыз әдірем (керексіз боп) қалды.

2. «Қазақ тілінің төл әліпбиі үшін «в», «х», «ф» дыбыстарының өзі – басы артық дыбыстар. Болашақ латынша әліпбиіміздегі әріптер саны, қандай тұрпатта болса да, А. Байтұрсынұлы түгендеп беріп кеткен қазақ тілі дыбыстары санынан (28) артық та, кем де болмауы қажет» деп, оны біршама жан-жақты дәлелдеп, жазып жүргенімізде мына әліпби жобасы қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен әліпбиін одан әрмен байытты да тастады. «В», «х», «ф» дыбыстарын ендірумен қоймай, өзгетілдік «и» және «ц» мен «ч» дыбыс- әріптерін де енгізіпті. Олардың қазақ тілі әліпбиінің құрамында болуына қандай қажеттілігі бар еді?! Енді, егер осы нұсқа бекітіліп кетсе, қазақ әліпбиі 33 таңбалық болайын деп тұр!

Латыншаланатын жаңа әліпбиде «в», «х», «ф», «и», «ц», «ч» дыбыстарының болуын қажет ететін бірер ғана сылтау бар. Олар:

а) Біздің (қазақтардың) көбіміздің тегіміз бен әке атымыздың (отчество), тіпті есіміміздің орысша жазылуы;

ә) Владимир Владимирович Путин сияқты тұлғалардың есім-сойы мен көптеген топонимдік атаулардың орыс тілінде қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де сол қалпында жазылуы.

Бұдан басқа қандай қажеттілік болуы мүмкін. Атам қазақ бағзы заманнан бері өзгетілдік сөздер құрамындағы «в» дыбысын «п» – «б» – «у» дыбыстарының біреуімен алмастырып айтқан. «Х» дыбысын «қ»-мен, «ф» дыбысын «п» немесе «б» дыбысымен алмастырған. Бұған дәлел: Мәскеу, (ы)Иуан т.б., қалық (халық), қат-қабар (хат-қабар), қан (каған) т.б., Бәтима, Пәтима, Бәзіл, Пазыл т.б.

Ал дауысты, созылыңқы «и» дыбысы мен қос дауыссыз дыбыс «т+с» мен «т+ш» тіркесімдерін білдіретін «ц», «ч» әрптері қазақ тілі табиғатына мүлдем жат. Бұлар да әлгінде айтқан сылтауға байланысты, орыстілді қандастарымыз өз аты-жөндерін латынша жазулары үшін енгізілсе керек. Орыс тілінің бейресми латынша әліпбиі нұсқасында «ц» – «тs», «ч» – «ch».

Қазақ еш уақытта «и» дыбысын дауысты етіп айтпаған, қазір де айтпайды. «Иә», «ит», «иман», «би», «ки», «ми» деп жазып жүрген сөздеріміздің баршасының айтылымы: [ійә], [ійт], [ыйман], [бій], [кій], [мый].

«Айтса», «бітсе», «саттшы», «кетші» деген сықылды сөз бен қосымша аралығында «т+с», «т+ш» тіркесімдері айтылатыны болмаса, қазақ сөзі ондай тіркесімдерімен басталмайды немесе түбір сөз құрамында одай дыбыстар қатар тұра алмайды. Яғни қазақ тілі түбір сөздері мен туынды немесе жұрнақ-жалғаулы сөздерін дәл бейнелеп жазу үшін «ц», «ч» әрптерінің түкке де қажеті жоқ. Өйткені қазақ тілі жазуы – морфологиялық қағидаға (принципке), яғни морфемаларды өзгерпей жазуға негізделген. «Чемпион» дегенді «shemрion» деп, «чемодан» дегенді «shаваdan» деп жазсақ, қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін ескергеніміз болып саналады (жобалық әліпби бойынша жазып отырмыз).

Алматы обылысының Нарынқол ауданында, Шығыс Қазақстан обылысының кейбір аудандарында «ч» дыбыс тіркесімі айтылады екен деген бос сөз. Олар жуан «шы» дегеннен гөрі «ші» дегенді жиі қолданады. Осы бір қате пайымдау қазақ тілінде де «ч» дыбыс тіркесімі бар бар екен дегенді дәлелдеу үшін айтылып жүр.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев та: «Қазақ тілінде щ, ю, я әріптері жоқ. Японияны қазақтар Жапония дейді. «Ч», «ю», «я», «ь», «ъ» бел­гі­лері жоқ. Яғни біз осы әріптерді қолдану арқылы на­ғыз қазақ тілін бұр­маладық. Сон­дық­тан бұл ма­ңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге бол­майды», деді ( https://egemen.kz/article/158340-ashyq-anhgime-bayypty-baylam).

Демек, бұл – болашақ латынша әліпбиімізде «ч» дыбысына орын жоқ деген сөз. Елбасы айтқан соң, талқылауға ұсынылып отырған жобаның «аптырлары» бұны ескеретіні даусыз.

Ал «ц» әрпін жоба «аптырлары» қандай қағидаға немесе сылтауға сүйеніп енгізгенін ойлап-ойлап, таппай қойдық. Мүмкін, «цирк», «церкуль» деген сияқты орысша сөздерді қалай жазамыз деп бас қатырды ма екен!

Ескере кететін бір мәселе: Осы жылдың 21 тамызында Елбасы «Хабар» арнасына берген сұхбатында: «Латын әрпіне көшкенде, біз орыс тілінен қашып кетейін деген жоқпыз. Осындай алып-қашпа сөздерді кейбір саясаткерлер айтады. Әсіресе орыс тілінде. Әліпби тек қана қазақтың тіліне қатысты мәселе», – деп латын әліпбиіне көшудің тек қазаққа ғана қатысты екенін ашық айтты. Олай болса, «в» мен «ч» дыбыс-әріптерін болашақ ұлттық әліпбиге енгізбеудің, біздіңше, бірден-бір жолы – қазақстандық қазақтілді қоғам өз аты-жөндерін дереу қазақшалауы керек. Сонда ғана осы дыбыстарға деген қажеттілік немесе мұқтаждық мүлдем жойылады, Егер кімде-кім өз аты-жөнін қазақшалағысы келмесе, олардың аты-жөні, мысалы: Азаматов Азамат Азаматович дегендер «в», «ч» дыбыс-әріптері жоқ әліпби бойынша – Азаматып Азамат Азаматыбыш делініп жазылатын болады.

«Азаматып» деп отырған себебіміз – «о» дыбысы қазақ тілінің табиғи заңдылығы бойынша, түбір сөздердің тек бірінші буынында ғана айтылып-жазылады. Бұл заңдылыққа қазіргі тілімізде «Жапония» мен «абырой» деген екі сөз ғана бағынбай, жазылып та, айтылып та жүр. Дегенмен «Жапония» дегенді көне көз қариялардың «Жапын», «Жапын соғысы» деп айтатынын талай рет естігенбіз.

3. Біз бүкіл түркі жұртына ортақ әліпби жасаймыз деген ұстанымда (позицияда) да болдық. Бірақ «халық талқылауына» ұсынылып отырған мына жоба ол мақсаттан мүлдем ауытқып кетіпті. Бұл жоба түріктікке де, өзбектікке де, әзірбайжадыққа да, түрікмендікке де ұқсамайды. Ағылшынтілді, орыстілді мемлекеттерге жағамыз, көңілінен шығамыз деп жүріп туысқан түркітілдес елдерді өзімізден алыстатып алған жоқпыз ба, осы?!

4. Қазақ тілінің төл дыбыстары – тіліміздің бет-бедері, ұлттық нышанымыз, ұлттық құндылығымыз, қлттық ерекшелігіміз, сондай-ақ олар туысқан түркі халықтарының баршасына ортақ. Осындай ұлттық кодымызға шетқақпай жасап, оларды қос әріптің таңбасымен бергеніміз дұрыс па?

Түсінеміз. Заман талабына орай, ағылшын әліпбиі құрамындағы әріптерді қазақ тілі дыбыстарына барынша сәйкестендіріп алудың қажет екенін біз де қолдаймыз. Бірақ ағылшын әліпбиі қазақ тілінің латынша әліпбиін құрастыруға қаншалықты қажет болса да, қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалауға жарамай жатса қайтеміз?!

Жарайды, ағылшын тілі әліпбиі аясынан шықпай, төл дыбыстарымызды қос әріппен таңбаладық-ақ дейік, бұның жазуды өте шұбалаңқы етіп қиындатып жіберетінін, кейбір сөздерді жазу, оларды түсініп оқу кезінде қиындықтар туындататынын ескеріп отырмыз ба?

Жазу барынша ықшам болуы қажет деген қағида қайда қалды? Кезінде қазақ жазуын ықшамдаймыз деп үнді «й» мен «у» дауыссыз дыбыстарының алдында келетін «ы/і» мен «ұ/ү дыбыстарын жазбайтын болып реформа жасаған едік қой (би, жи, ки, қи, ми, ду, бу, қу, су, ту)! Ендігі емле ережеміздің жағдайы қандай болады?

Ағылшын, неміс т.б. тілдерде бір дыбысқа екі таңба беру бір-екілі жағдайда ғана кездеседі. Ал біз бақандай сегіз дыбысты қос әріппен берейік деп отырмыз. Керісінше болуы керек еді. Мәселен, ағылшын тілінде «х» әрпі «к+с» тіркесін, «і» әрпі «а +й/е+й» тіркесін білдірсе, кирилдегі «ц», «ч», «я» «ю», «ё», «щ» әріптері де қос дыбысты білдіреді.

Ал орыс тілінің әлгі дыбыс-әріптері жазуды оңтайландыру мақсатында ойлап табылған екен. Аталған әріптер – орыс тілі сөздерінде қатар келіп, өте жиі қолданылатын екі дыбыстың таңбасы. Алайда ондай тіркесім қазақ тілінің түбір сөздерінде (ая, аю т.б.) аз кездеседі. Морфемалар жігінде ғана жиі қолданылыды. Сондықтан да біз оларды (я, ю) алдағы уақытта таратып жазбақ болып отырмыз. Жобалық әліпби бойынша, мысалы: үю – ueiw – [ueiuew].

Ұлттық жазу (графика) қай елдің (тілдің) әліпбиіне негізделсе де, өзінің ұлттық сипатын жоғалтпай, өз сөздерін өзінше таңбалап, ұлттық тіл болдып қалуы – қашанда маңызды. Олай болса, біздің ойымзша, тілді және оның әліпбиін компьютерге немесе бір тілдің әліпбиіне байлап-матап қою дұрыс емес. Өйткені қай ұлт, мейлі, кімнің әліпбиін қабылдаса да, өзінің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тілдік зандылықтары бойынша, барша адамзатқа ортақ дыбыстармен қатар өзінің төл дыбыстарын, өзіндік дыбыс тіркесімдерін (сөздерін) таңбалау, жазу, оқу, айту үшін алады. Бұл – табиғи заңдылық.

Қазақ жазуы – қазақ үшін ғана керек. Қазақ сөзі ағылшын әріптерімен жазылса, оны ағылшындар түсініп-оқиды деген – нағыз алаңғасырлық. Және ұлттық дыбыстардың ағылшынша, орысша, шүршітше т.б. таңбалануы тіл үйренуге көмектеседі деген де «біреулердің балалық ауыруы». Аздап септігі бар болса, бар шығар, бірақ соншалықты күшті емес. Мәселен, қазақ мектебінде оқығандардың барлығы – кирилл әліпбиімен білім алып өсті, бірақ солардың баршасы орыс тілінде сауатты сөйлей, әсіресе жаза ала ма? Егер орысша біршама жақсы білетіндері болса, соларға кирилл әрпіне негізделген «орыс-қазақ әліпбиі» ғана көмектесті деп толық сеніммен айта аламыз ба?

Сондықтан да ағылшын және тағы басқа да көптеген тілдерде жоқ, бірақ қазақ (түркі) тіл(дер)інде бар, олардың сол төл дыбыстарын өзінше таңбалап, латынша негізді төл әліпби құрастыру қазақ үшін ғана қажет. Атап өтетін жайт – қазақ тілінің 1929 жылғы латынша әліпбиінде және Қытай қазақтарының 1965-1982 жылдар аралығында қолданған латынша әліпбиінде бұл мәселе, негізінен, ішінара ескерілген. Мысалы, «ә», «ө», «ғ», «ң», «ы» дыбыстарына арнайы әріптер берілген. Ескерту: Крилдегі қазақтың «ы» әрпі мен орыстың «ы (ый)» әрпі – екі түрлі дыбыстың (фонеманың) таңбасы. «У» әрпі де солай.

Өзіміздің осы уәждемемізді (мотивация) алға тарта отырып, қазақ тілінің латынша негізді болашақ әліпбиінде оның төл дыбыстары былайша таңбаланса, қалай болар екен деген ұсынысымыз бар: ә -ә, ғ -f , қ – q, ң – ŋ немесе ng, ө – ө, ұ – ұ, ү – ү, ы – y, і – ь.

Бұлардың біразы – қазіргі кирилше әліпбиімізде болғанымен, кирилдік әріптер (ә, ө, ұ, ү) емес, қазақ тілінің төл дыбыстарының ерекше таңбалары. Кирил әріптерінің қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалауға мүмкіндігі болмай қалған соң, кезінде 1940 жылдары профессор С. Аманжоловтың жетекшілігімен кирилше жүйеге енгізілген болатын.

Енді ағылшын тілі әріптері қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалауға қабілетсіз болып отыр.

Біз қазақ тілінің жаңа әліпбиін құрастыруда да көп немесе екі полярлы саясат ұстансақ, қайтеді? Бәрібір орыс дыбыстарына да әріптер бермекші болып отырмыз ғой! Кирилше әліпбиіміздегі қазақ тілінің төл дыбыстарын (ә, ө, ұ, ү) таңбалаған әріптерімізді де сақтап қалып, ағылшынның да, орыстың да көңілінен шығатындай жол тауып кетсек, сөйтіп, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, аман-есен «болашаққа рухани қадам» жасай алатын шығармыз!

Қорыта келе айтарымыз, кирилшедегі тіліміздің төл дыбыстарын өзгеше таңбалайтын әріптерімізді сақтай отырып, латынша негізді жаңа әліпби құрастырсақ, ересектер жаңа жазуды оңайырақ игерер еді. Себебі әліпби ауыстырғанда ең алдымен зардап шегетіндер – кирилл жазуына үйреніп қалғандар. Ал жаңа әліпби негізіндегі жазумен тәрбиеленіп өсетін жас ұрпақ бұрынғы жазуымыздағы күллі жазба дүниелерімізді біршама еркін оқып-түсіне алар еді.

Исхан Бейбіт Жәлелұлы, ф.ғ.к,. доцент

Abai.kz

Other posts in this category