); ga('send', 'pageview');
 

ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ЕН-ТАҢБАСЫНЫҢ (КОДЫНЫҢ) БІРІ – ҰЛТТЫҚ ЖАЗУ

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
ҰҒА-ның академигі,
филология ғылымының докторы, профессор, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті

Ерден ҚАЖЫБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
директоры, филология ғылымының докторы,
профессор

Әлімхан ЖҮНІСБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
Бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымының
докторы, профессор

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деген болатын. Егемен еліміз уақыт ұмыттырған немесе сырт билік елеусіз еткен өзінің ұлттық болмысын айғақтайтын көптеген тарихи-әлеуметтік нысандарын 25 жылдық тәуелсіздігінің арқасында қайта жаңғырта бастады. Батырлары мен елге қамқор болған билердің есімдері әйгіленді. Жер-су атаулары, елді мекендер мен көше аттары ауызға ілініп, әрбір қазақтың мақтаныш сезімін оята түсуде. Қазақтың аты-жөні ата дәстүріне қайта оралды. Бүгінде Ұлттық ен-таңбадай мақтаныш сезіміңді оятатын осынау айшықты нысандарды ұлықтау арқылы қазақтың кім екенін қаймықпай ашық айта алатын дәрежеге жеттік.

Ендігі кезек ұлттық жазуға келіп тіреліп тұр. Бұған жақында жарияланған Елбасымыздың бүгінгі, келесі ұрпақ үшін аса маңыз­ды мақаласында «Күн санап өз­геріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» дей келе мақаланың келесі бөлігінде «…қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бас­тауымыз керек» деп нақты тапсырма бергендей болады. Осы тұста, сергек ойлы академик Ә.Қайдар бастамасы еріксіз еске түседі. Өйткені бұл кісі егемендіктің сонау бастау кезінде-ақ, қилы-қиын заманның қауіп-қатерінен жасқанбай, бүкіл түркі жұртына үлгі етіп, латын әліпбиіне көшу мәселесін тұңғыш көтеріп жіберген еді.
Тарих теперіші мен билік өк­темдігін ең көп көрген осы ұлттық жазуымыз болып табылады. Өктем биліктің ығымен тұмшаланып қалған санамыздың түкпірінен төл дыбыс­тарымызды аршып алып, төл емле-ереже құрастырып алу оңай болмайын деп тұр. Егемендіктің айғақ белгісі салтанат үстінде көрінетін дербес елтаңба, ту мен әнұран болса, күнделікті мазмұнының бірі – жазу. Жазу дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Жазу әліпби, таңба және емле-ережеден құралады. Олай болса, әліпбиі, таңбасы мен емле-ережесі үйлескен жазу – тіл егемендігінің бір кепілі болып табылады.
Дыбыс – ұлт тілін өзге тілдерден ерекшелендіріп тұратын айғақ; таңба сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда қорғанышы мен оққағары; емле-ереже дыбыстардың басын біріктіріп сөз етіп тұратын ұлттық дәнекер.

Өтпелі дәуір кезіндегі кез келген ауқымды шара, ол экономикалық шара болсын, әлеуметтік шара болсын, елді бір дүрліктірмей қоймайды. Өйткені ондай шараның, жұртшылық жаппай қатыспаса да, өз жақтаушылары мен қарсыластары болады. Әліпби ауыс­тыру мәселесі де осы жайды басынан кешіріп отыр. Сондықтан оған таң қалуға болмайды, тек оның себебін дұрыс түсінуге тырысуымыз керек.
Қазақ зиялыларын «әліпби айтысымен» таңқалдыруға болмайды. Бұл басталған «әліпби айтысының» да ауқымы кең, сайыпкерлерінің арыны қатты, үні қатқыл шығып жатыр. Қалай болған күнде де арабтан латынға, латыннан орыс жазуына көшкендегі бұрынғы дәлел-долбарларға тың ұсыныс қосыла қояды деп ойламаймыз. Өйткені бар-жоқтың бәрі бұған дейін, сонау отызыншы жылдары-ақ, ортаға салынып болған.

Елуінші жылдардың ортасында қазақтың ы, і, ұ, ү тәрізді төл дыбыстарын ысырып тастап, орыс тілінің и, у, я, ю әріптерін төл сөздеріміздің жазылымына енгізгеніміз бар. Тіптен белгілі бір ақсақалымыз «и, у әріптеріне қарсы шыққандардың пиғылы дұрыс емес» деп, сес көрсетіп, партия журналында дәуіріне лайық мақала да жариялап жіберген.
Ол аз болғандай, КПСС, ТАСС, ООН деп жазу керек деп, айды аспанға тағы бір шығардық. Ең соңында орыс тілінен енген сөздерді «сол тілде қалай жазылса, солай жазып, қалай айтылса, солай айту» керек деп, бір-ақ тыныстадық.

Сонымен, бұл жолғы реформа нағыз саяси идеологиялық реформа болды. Сол реформаның «жемісін» күні бүгінге дейін теріп жеп отырмыз: орыстақы орфографиямен өскен орысжанды ұрпаққа төл дыбыстың айтылымы бейтаныс көрінетін болды. Оларға кірме таңбалардың дыбыс құрамын түсіндіре алмай әлек болып келеміз: олар «тіл дамыды» дейді, біз «тіл бұзылды» дейміз, мәмілеге келу мүмкін болмай тұр.

Тіптен басқаларды былай қойғанда, тіл мамандарының арасынан орыс тілінің и, у тәрізді кірме «жетістіктерінен» айрылғысы келмейтіндер табылып жатыр. Олар оны қазақ тілінің «даму жетістігі», тіптен «жаңа сатыға көтерілген түрі» деп бағалап, қазіргі орыстекті ми, ки, су, ту деген жазуымызды латын негізінде mi, ki, tu, su деп жазуды ұсынып отыр. Егер қазақтың мый, кій, сұу, тұу деген сөздерін қайтадан mi, ki, tu, su деп, қазақ сөзінің түбір, буын, морфем айтылымын бұзып жазатын болсақ, онда әліпби ауыстырмай-ақ орыс жазуында қала бергеннің өзі жөн. Оларға қазақ сөзінің өз айтылым үлгісі бар екенін түсіндірудің өзі қиын. Жазу сол қазақ сөзінің төл айтылым үлгісін сақтаудың амалы болу керектігін түсіндіріп әлек болып келеміз. Сондықтан қазір жан аяп, жан аясып қалатын кез емес. Көресіні орысша тәлім алған орыс тілді ағайындарымыздан көретін боламыз. Орыс жазуы арқылы тілі шығып, құлағына сіңген дыбыс пен қолы жаттыққан әріптің бәрін қазақ тіліне әкеліп тықпалай беруге болмайды.

Латынға қарсы мамандар «құдай бере салған 42 әріптен айрылып қаламыз, сол 42 әріп арқылы кез келген сөзді жаза береміз» дегенді алға тартады. Орыс жазуынан айрылып қалсақ далада қалатындай сезінеміз. Ешбір мемлекет, ешбір ғылыми жұртшылық әліпби санының (құрамының) көптігін айтып мақтанбайды. Әріп саны көп болды деген сөз – ол тілдің әліпбиінде бір кемшілік бар деген сөз. Әріп саны неғұрлым кем болса, ол солғұрлым жетілген әліпби болып саналады.
Жақсы, орыс жазуы арқылы енген сөздерден айрылғымыз келмейді екен, айрылмай-ақ қояйық. Ал, бірақ орыс тілінен енген дыбыстарға арнайы таңба іздеп әуре болмау керек. Оның амалын тағы да ағылшын жазуының тәжірибесі көрсетіп отыр. Ағылшындар да орыс тілінің сөздерін, орыстар, керісінше, ағылшын сөздерін пайдаланбай отырған жоқ, пайдаланып отыр. Алайда сол үшін қосымша таңба іздеп, әлек болып жатқан олар жоқ. Тіптен қосымша таңба іздеу деген ойларына кіріп-шығып жатқан жоқ. Өздеріндегі бар таңбаны пайдаланып, емле-ереже жолымен өзге тілден енген сөздерді жазып пайдаланып отыр. Оны күнделікті газет-журнал беттерінен, теледидар айнасынан күнде көріп отырмыз. Ендеше латын әліпбиі арқылы орыс сөздерін қалай жазамыз деп сары уайымға салынудың керегі жоқ. Кірме дыбыстарға бола жаңа таңба алу деген тек бұрынғы Кеңес құрамындағы түркі республикаларында ғана болды, олардың ішінде біз де бармыз.

Осыдан біраз бұрын Елбасымыздың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақ қауымына қалай ендірілгенін құптамаймыз» деп, мәселенің басын ашып айтқаны есімізде. Бұл көпшілік көкейінде жүрген көп ойдың шын ақиқаты еді. Сондықтан әліпби ауыстыруды белгілі бір елдің тіліне не жазуына қарсылық деп түсінбей, тағы да қайталап айтамыз, қазақ тілінің жазуына реформа жасау деп бағалау керек болады.

Қазақ жазуына жасалар болашақ реформаны (тек қана әліпби ауыстыру емес) тіл бұзар емле-ережелерден құтылудың бір амалы деп түсініп отырмыз. Сондықтан орыс тілінің ықпалы дегенде, орыстың тілін емес, оның төркіні бөлек емле-ережесінің туыстығы бөлек қазақ тіліне орынсыз тықпаланғандығын айтамыз. Табиғаты бөлек орыс әліпбиін орыс тілінің емле-ережесімен қоса алғандықтан, қазақ сөзінің айтылым үлгісі сол жазу келген тілдің қанжығасында кеткені рас. Бұл – ғылым дәлелдеп, тарих көрсетіп отырған жай. Оған дәлелді алыстан іздемей-ақ, орыс жазуының үлгісімен қалыптасқан қазіргі ұрпақ тіліне көңіл бөлейікші. Күні-түні үйде де, түзде де көз алдымызда тұрған орыс жазуы жекелеген қазақша дыбыс түгілі, тіліңді де ұмыттырып жібере жаздаған жоқ па?
Егер бүгінгі жазуға байланысты нау­қанды жазу реформасына айналдыра алсақ, онда қазіргі қазақ жазуының емле-ережесінің көптеген жаңсақ тұста­рынан арылар едік. Себебі кезінде араб дәстүрімен, кейіннен орыс жазуының ықпалымен енген бір топ кірме әріптер мен емле-ережелер қазақ тілінің ішкі айтылым заңдылықтарына кереғар келіп жатыр. Соның нәтижесінде жазумен тілі шыққан кейінгі жас ұрпақтың, тіптен, жас ұрпақ қана емес, ересектердің де тілі бұзылып барады. Мысалы, мектептен бастап «мынау – и» деп, орыс тіліндегідей жіңішке айтқызып үйретіп, сонан соң жартыкеш емлеге сүйеніп, қазақ сөзін ми деп жазып қоямыз. Сөйтіп, қазақтың ый, ій деген дыбыс тіркесін орыстың и деген дауысты таңбасына байлап беріп, ми деп жазып, кейінгі ұрпақты мый деп айтқыза алмай әлек болып келеміз. Осыдан кейін баланың қазақтың мый деген сөзін ми деп жіңішке айтпасқа амалы жоқ. Бүгінгі күндері солай айтып та жүр. Жас ұрпақ тілінен мұндай мысалдарды көптеп табуға болады.
Кез келген қазақ тілінің оқулығын алыңыз да бетін ашыңызшы. Қайран қаласыз! Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары деп 7-8 әріпті бөліп қояды. Сонда не, өзге дыбыстардың бәрі қазақтікі емес пе? Қазақ дыбыстарын осылай бөлектеудің өзі шәкірт санасын тұмшалап, есейгенде мәңгүрт қылады. Сөйтіп, 26(28) дыбысымыздың бәрінің де (!) дыбысталуы сол іспеттес орыс тілінің (сол іспеттес араб, ағылшын, т.б.) дыбыстарына баспа-бас ұқсай қоймайтыны, дыбыстардың өзара тіркесім емле-ережелері мүлдем бөлек екендігі не тіл мамандары – біздің санамызға жетпей-ақ қойды, не оқулық авторларының қаперіне ілінбей-ақ қойды. Бұл зорлап енгізілген бөтен жазудың әсері.

Жазудың сөздің айтылым үлгісіне ықпалы зор екенін ескерсек, жазу жүйесін қалыптастыруға жауапкершілікпен қарау керек. Ол үшін жазу ережелері (әліпби құрамы, таңба үлгісі, емле-ережесін бірге қарау керек) сол тілдің ішкі табиғи заңдылықтарына телінгенде ғана жүйелі жазу шығады.
Кирилшілердің тағы бір дәйегі – бұрынғы орыс жазуы негізіндегі жазба мұраларымыздан айрылып қаламыз, ертең оларды ешкім оқи алмай қалады деген қауіп екені рас. Орыс жазуын бүгін-ертең ешкім өшіріп тастайын деп отырған жоқ. Елбасымыз айтқандай, кирил жазуы латын жазуымен біраз жыл қатар жүреді. Оқулықтар жыл ретімен бірте-бірте латын жазуына көшіріліп отырады. Әдеби шығармалар мен көпшілік ғылыми еңбектер де сол ретпен жаңа жазуға ауысып отырады. Бұрынғы жарық көрген маңызды деген шығармаларымызды бәрі бір қайта баспай отыра алмаймыз ғой, ал мәнсіздері өзінен өзі түсіп қалады. Ендеше олар латын үлгісінде толық болмаса да жеткілікті түрде үзбей жалғаса жарияланып отырады. Қазіргі ұрпақ кем дегенде жарты ғасыр кирилді ұмытпайды ғой, ендеше орыс жазуымен көзін ашқан ұрпақ жазба мұрағаттарымыз оқылмай, мақұрым қаламыз деп уайымдауға негіз жоқ.
Оның үстіне болашақ ұрпақты үш тілді етіп тәрбиелеу мәселесі мемлекеттік шараға айналып отыр. Сол үш тілдің бірі орыс тілі болып қала береді. Өркениетті елдердің тәжірибесі де көптілді ұрпақ тәрбиелеу қажеттігін көрсетіп отыр. Қазақстанға келген шетелдіктердің кез келгені кем дегенде екі-үш тіл білетінін көріп жүрміз. Батыс елдерінде көп тіл білу – кәсіби жетістік болып саналады. Осы жағдай бізге де келіп жетті. Сондықтан да Қазақстанның тіл саясаты осы бағытта өрбіп келеді. Ендеше орыс тілі ұмыт болып қалады деу орынсыз.

Қазақ жазушыларының шығармалары оқылмай қалады деген де күмән бар. Оның да жауабын жазушының өз аузымен қайтарайық. Әліпби мәселесіне қатысты бір «дөңгелек үстел» үстінде «Оқылатын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылады, оқылмайтын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылмайды, сондықтан оқылатын шығарма жазыңдар» деп қысқа қайырып еді. Ендеше жақсы шығарма латын әліпбиімен де оқыла беретін болады, тек шығарма жақсы болсын.

Жазу ауыстырудың шығыны да бар екені рас. Кез келген шаруа шығынсыз бітпейді. Латын әліпбиіне өту шарасы да шығынсыз болмайды.

Алайда шығынның да шығыны бар. Біріншіден, латын әліпбиіне қарсылар кітап басудың, оқулық шығарудың шығынын алға тартады. Сонда немене, латын әліпбиіне өтпесек, кітап баспай, оқулық шығармай отырамыз ба? Сонда немене, кирилше қайта басуға шығын кетпейді де, латынша жаңадан басқанда шығынның астында қаламыз ба? Кітап та басамыз, оқулық та шығарамыз. Оның қағаз шығыны, бояу шығыны, жұмыс күші, т.б. жайттарды кирилде қалсақ та, латынға өтсек те бастан өткереміз. Ендеше бұл бағыттағы шығынды латынның шығыны деп есептемеу керек.

Сонда қалатыны – мамандарды латынға икемдеп, қайта дайындау мәселесі ғана. Оның да артық шығын шықпайтын жолдары көп. Мұғалімдер үшін, жұмыс бағыты бұрыннан қалыптасып қалған, мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары бар. Мектептердің өзі латын әліпбиін үйретудің ошағына айналады. Мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпорындарының өз мүмкіншілігі бар. Қазіргі заманда не көп – ақылы-ақысыз тіл үйрететін орталықтар көп, олар да қарап жатпайды. Жалпы латын әліпбиін үйренуге көп жылдар керек дегенге өз басымыз сенбейміз. «Тәуекел» деп кірісіп кетсе, берісі үш ай, арысы жарты жылдың мерзімінде халықтың негізі сауаттанып бітеді.

Ауыл сауатсыз қалады деп кемсітудің де керегі жоқ, ауыл қаладағы сіз бен бізден бұрын үйреніп алады. Компьютердің тапшылығын алға тартып та керегі жоқ. Осыдан бар болғаны бес-алты жыл бұрын өзіміз үрке қарайтын компьютеріміз бүгінде балалардың ойыншығына айналып кеткен жоқ па? Әні-міні дегенше ауыл көркінің бірі компьютер болады.

Латынға қарсы әріптестеріміз, тіптен, мекеме маңдайшасын алмастырудың өзін үлкен шығын деп дүрліктіреді. Әр мекеме үшін өз маңдайшасын алмастыру көтере алмайтын жүк емес қой. Оның үстіне жекеменшік мекемелер үкіметтен қаражат сұрамайды.

Баспа орындарын латын әліпбиіне икемдеп қайта құруды да даурықтырып керегі жоқ. Өйткені бұрынғыдай батпандап қорғасын сапырып, құлақты тұндыратын тарсыл-тұрсыл шығып жататын баспаханалар қазір жоқ. Компьютер тетігінің бір ғана бұрауымен қыруар іс бітіп жатады. Оның үстіне кез келген баспаханада латын жазуына ­байланысты компьютер қоры дайын тұр. Тіптен басқаны былай қойғанда, болашақ қағаздың заманы емес, электронды оқу-құралдар мен оқулықтардың, газет-журналдардың, әдеби шығармалардың, ғылыми еңбектердің заманы екеніне де күмән келтіреміз бе?

Көпшілік арасында тұрқы бөлек латын жазуы өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ынтасын тоқтатады, бөлек жазу ұлысаралық татулыққа бүлік салады деген де қауіп бар. Әліпби тұрқынан шошып тіл үйренбейтін болса, онда сол орысың да, қазағың да, басқаң да бала-шағасымен қосылып неге қазір жаппай латын жазуындағы ағылшын тілін үйреніп жатыр? Ендеше, себепті де орнымен іздеу керек.
Ал, енді, «қазақ тілі құрып барады, жойы­лып барады, парламент неге қазақша сөйлемейді…» деп, қазақтың зарын қазақтың өзіне айтып, жұртты құр дүрліктіріп жүргендер қанша десеңізші! «Шүкір» деу керек, қазір қазақ тіліне деген бетбұрыс мол. Бала-бақшаларда қазақ тілін үйреніп жатыр, мектептерге міндетті пән болып еніп жатыр. Осы жас ұрпақтың жетілгенін күту керек, бұл – көп болса бес-он жыл деген сөз, тіл тарихы үшін бес-он жыл деген үлкен мерзім емес. Тәуелсіз жылдары қазақ мектептерінде тәрбие алған жас ұрпақ қазір қатарға қосылды. Бұл үлкен күш.

Ал латын әліпбиі ұлт араздығын ­тудырады дегеннің тіптен жөні жоқ. Ұлт татулығы мен ұлт араздығы жазуға емес, тұрмыс-тіршіліктің бабына ­байланысты. Жазуы түгіл, тілі бір халықтардың өзара қырқысып жатқанын көрмей отырған жоқпыз ғой. Ендеше ұлыстар татулығы мемлекет саясатына байланысты. Еліміздің еселі даму қарқыны мен орнықты ұлт саясаты кімге де болса аян. Ендеше тұрмыс-тіршілік мүддесі Қазақстанға қарап тұрса, ешбір ұлт-ұлыс оның жазуына өкпелеп теріс айналмайды.

Әліпби ауыстыру төңірегінде төрт бірдей пікір бар.

Бірінші, орыс (кирилл) әліпбиіне көзіміз үйреніп қалған, оның үстіне талай-талай жазба еңбектер жарияланған. Егер басқа жазуға көшетін болсақ, соның бәрінен бір сәтте айрылып қаламыз дейді.
Екінші, арабы әліпбиді қолдаушылар оны діні бір шығыс жұртымен қайта табысудың амалы деп үміттенеді. Оның үстіне Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) төте жазуын аңсаушылық тағы бар.

Үшінші, латын әліпбиін жақтап отырған қомақты да қарулы ғылым мен қоғам өкілдері оны өркениет жетістіктеріне алып баратын бірден-бір төте жол деп дәлелдейді. Оның үстіне егемен түрік елдерінің бәрі латын әліпбиіне өтіп болды немесе өтіп жатыр. Қол қусырып отыра берсек сыртта қалып қоятын түріміз бар.

Төртінші, сонау көне (ежелгі) түрік жазуына көз тігіп отырған шағын топтың әрекеті. Осыған орай, біз де әлдеқашан өшіп кеткен көне жазуын қайта жаңғыртып жатқан еврей, моңғол халықтарының жанкешті әрекеті мен бір уыс қана грузин, армян халықтарының елтаңбасындай болған бірегей әліпбиін тілге тиек етіп, екі жүз миллиондай түрік халықтарының құр алақан қалғаны қалай деп қынжыламыз. Өкініштісі, түркі жұртының қазіргі өркениетті елдердің жазу тарихын он орап алып кететін, атам заманғы тарихы бар жазуы бола тұрып, «жазу-сызусыз» жұрт атанғандығында болып отыр. Ал «жазу-сызусыз» халық дегеннің ар жағында «жабайы, мешеу, телмірінді, тілі дамымаған», т.б. сияқты «атақтар» тұрған жоқ па? Мұның өзі елдің еңсесін басып, ерді езге айналдырудың таптырмас құралы болып шықты. Тіптен кешеге дейін кеңес құрамындағы түркі халықтары «өзіміздің жазу-сызусыз халық екенімізді әлемге жар салып айтып, орыс жазуы келіп жанымыз қалғанын» жарыса жамырай, мақтана мойындап келген жоқпыз ба? Ендеше «көк түрік» жазуын жаңғырту – еріккен мен есі кеткеннің ісі емес, түрік жұртының әлеми қоғам алдындағы елдік намыс-абыройын көтеретін іс.
Қысқасы, әлеми ақпарат кеңістігіне шығатын бірден-бір төте жол, шынды­ғында, тек латын жазуы. Қанша шатқаяқ­тағанмен ақылға сала келіп, мойындауға тура келеді.

Әліпби ауыстыру – мамандар шешетін мәселе.

Жазу табу – араға ғасырлар салып барып ілуде бір туатын даналардың ғана қолынан келетін шаруа. Славян жазуын Кирилл мен Мефодий тауып берсе, бүкіл түркі жұртына үлгі болған қазақ жазуын жалғыз Ахмет Байтұрсынұлы жеке шешті. Бұл жерде Ахаң ұсынған араб әліпбиінің тұрқын айтып отырған жоқпыз. Ахаңның қазақ тіліне тән лайық жазудың емле-ереже қисынын тапқанын айтып отырмыз. Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тіліне пайдалана беруге болады. Сондықтан біз тілтанымға (лингвистикаға) «Байтұрсынұлы қисыны» немесе орысша айтсақ «эффект Байтұрсынова» деген дәйектеме енгізіп отырмыз. Ахаңның жазу қисынын кезінде атақты орыс ғалымдары математикалық формулаға салып, әлемдегі ең озық және ең ықшам әліпби деп бағалаған. Сөйтіп, өзге көпшілік жұрттың ойына кіріп-шықпайтын, көп пенденің қолынан келемейтін жаңалық ашылды.

Ал, енді, жасыратыны жоқ, латынға көшетініміз белгілі болды. Ендеше осы елдің азаматтары ретінде, осы жазу саласының мамандары ретінде біз бұл шаруадан шет қала алмаймыз. Ондағы мақсат – латын жазуына дұрыстап көшу.

Мұндай шешімнің тағы бір себебі бар. Қазіргі кезде латын әліпбиіне өтудің жүзге жуық жобасы бар. Бір жобаны бір кісі, енді бір жобаны ұжым болып ұсынып жатқан авторлардың саны жүзден асты. Тіптен қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білмей жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Әріп пен дыбыстың айырмашылығын білмей жатып, дыбыс пен әріпті шатастырып жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Қазіргі әліпбиіміздегі 42 таңбаны қайтсем компьютер түйметақтасының 26 түймешесіне сыйғызамын деп әлек болып жатқандар тағы бар. Жоба ұсынушылардың бәрі дерлік әліпби ауыстыруды кирилше бір таңбаны латынша екінші таңбаға алмастыру ғана деп ұғып отыр. Бұл — әліпбидің бас қатырмайтын ең оңай тұсы. Сондықтан да ұсынылған жобаларда ешқандай тілдік дәйектеме жоқ. Осының бәрін көре отырып, қалыс қалуға дәтіміз шыдамады. Себебі әліпби ауыстыру бір таңбаны екінші таңбамен алмастыру ғана емес. Ең бастысы, әліпби ауыстыру деген соқыр (механикалық) көшірме емес.

Әліпби ауыстырудың үш деңгейі бар: бірінші – әліпби (дыбыс) деңгейі, екінші – таңба (әріп) деңгейі, үшінші – емле-ереже деңгейі. Егер біз әліпби құрамын өзгертетен болсақ, онда оның ар жағындағы таңба және емле-ережелеріне де өзгеріс ендіруіміз керек. Таңбаға өзгеріс ендіретін болсақ, онда оның емле-ережеге әсері қандай болмақ, алдымен соны ойлап алуымыз керек. Бұл – тіл мамандары мен әдіскерлердің шешетін мәселесі.

Әрине, әліпби мәселесіне әртүрлі мамандардың қатысы болады. Солардың ішінде тіл мамандары мен информатика мамандарының орны бөлек. Алайда ешкімнің көңіліне келмей-ақ қойсын, жоба авторлары бұл тұста неше түрлі ойға қонымсыз «шеберлік» танытуда. Мұның басты себебі олардың өз алдына ғылыми пән болып табылатын жазу теориясы мен әлеми жазу дәстүрінен бейхабарлығында болып отыр. Сондықтан әркім өз орнын біліп араласса дейміз.

Мысалы,

– тіл мамандары тілдің дыбыс құрамын анықтап, әліпби ретін белгілейді, емле-ережесін құрастырады;

– математиктер әрбір дыбыс пен таңбаның кездесім жиілігін есептеп шығады;

– информатиктер компьютер түйметақ­тасына оңтайлы орналастырудың амалын (бағдарламасын) қарастырады;

– сызбашылар әріп сұлбасының қарапайым үлгісін іздейді;

– әдіскерлер оның сауат ашу дағдысын бағалайды;

– көз дәрігерлері көзтанымға әсерін байыптайды;

– психологтар бала жүйкесіне шақ келу жағын пысықтайды т.с.с., сөйтіп бәріне жұмыс табылады.

Қазіргі кезде латын әліпбиіне Өзбекстан, Түрікменстан және Әзербай­жан толық көшіп алды. Әзербайжанда жақында болып қайттық. Көшенің бәрі латынша жазу, ешкім сөзінен жаңылып немесе жолынан адасып жатқан жоқ.

Түркі республикаларының латын әліпбиіне өткені дұрыс, ал қалай өтті, ол – бір басқа мәселе. Олар әліпби ауыстыруды саяси шараға айналдырып жіберді, сөйтіп асығыстық жасады. Сондықтан әліпби ауыстыру жазу реформасына айналмады. Кезінде ол республикалардың да таңба саны сол қырықтың үстінде болды. Латынға өткен кезде сол «айтулы қырық екіден» бастарын босатып алмай, кеңес дәуірінен қалған мұраны түгел қамтуға тырысты. Соның нәтижесінде олардың әліпби құрамы артып кетіп, таңба түрлері күрделеніп, емле-ереже жүйесі қиындап кеткен тұстары бар. Сондықтан да олар жаңа жазуына жол-жөнекей өзгерістер ендіріп, жазу реформасына қайта-қайта оралып жатыр. Ал Өзбекстан болса, тіптен басқа жолмен кетті.

Ал біз болсақ, сол латынға бұрын өткен республикалардың тәжірибесін байқап алуымыз керек болды. Ондай жоспар Астанадағы Түркі академиясы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды, орындалып та жатыр. Көршілер жіберген қатені біз қайталамауымыз керек. Ол үшін, бірінші кезекте қазақ тілінің төл дыбыс құрамын қоспасыз, таза күйінде анықтап алуымыз керек (қазақ тілінің төл дыбыс құрамы бізде әлдеқашан анықталып қойылған, жоғарыдағы Институт қоржынында ­дайын тұр).

Мәселе – «айтулы қырық екімен» байланып қалған көпшілік санасын оятып, «өзіміздікі деген – мынау, өзгенікі деген – анау» деп, түсіндіріп алу. Біздің ойымызды дұрыс түсінген жөн. Өйткені басқаларды былай қойғанда, қазақ тілі пәнінің мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының өздері төл дыбыстардың басын ажыратып ала алмай жүр. Кірме әріптерді «дыбыс» деп жазып беріп отырған оқулықтар мен «дыбыс» деп оқытып отырған мұғалім/оқытушылар әлі баршылық. Әрине, бұл олардың кінәсі емес. Мектептен ­бастап, жоғарғы оқу орнын бітіргенше бір ғасырға жуық «қазақ тілінде 42 дыбыс (әріп) бар» деп тоқпақтай берсе, кімде болса сеніп қалады. Сеніп қалған соң бұрыстың өзі дұрыс көрініп, дұрыстың өзі бұрыс көрініп жатады. Біз бәріміз қазір осы күйді бастан кешіп отырмыз. Өз ағайындарымыздың өзінен қазақтың бар дыбысын жоқ деп, жоқ дыбысын бар дейтін уәжді әлі көп еститін боламыз. Құлақ үйренген орыс тілінің дыбыс­тарынан, көз үйренген орыс тілінің әріптерінен арылтып алу оңай болмайды. Тағы да қайталайық, «айтулы 42-ден» айрылсақ далада қалатындай сезінеміз.

Сонымен, бірінші кезекте, мамандар анықтап берген қазақ тілінің төл дыбыс құрамын танып-біліп, оны бәріміз түгел мойындауымыз керек. Соған лайық айтылым/жазылым емле-ережені меңгеріп алуымыз қажет.

А а Ә ә П п Б б М м
Ы ы І і Т т Д д Н н
Е е Ққ (-К к) Ғғ (-Г г) Ңң
Ұ ұ Ү ү С с З з Р р
О о Ө ө Ш ш Ж ж Л л
Й й
У у(w)

Осы дыбыстардың сыртынан өзге қазақ дыбысын іздеп әуре бомау керек.

Ең жақсы жазу деп ереже-ескерт­пелері мейлінше аз жазуды айтады. Ондай жазу үлгісі тілдің төл дыбыстары мен төл таңбалар үйлесімін тапқанда ғана құрастырылады. Ендеше, әліпби құрамы дұрыс анықталып, оның таңбалары қазақы реттелсе, емле-ережені жөнге салудың төте жолы ашылады.
Кез келген жазуды кез келген тілге жамап-жасқап пайдалана беруге болады. Алайда, мақсат «әйтеуір жазу» болмау керек. Жазу ең алдымен тілдің ішкі заңдылығымен қабысып жатуы керек. Сонан соң жазу тілдің дыбыс жүйесіне нұқсан келтірмейтін, керісінше, оның әдеби үлгісінің қорғанышы болу керек. Осы екі мақсатты орындау үшін жазудың емле-ережесі көшірінді емес, төл болу керек. Таңбада тұрған ешнәрсе жоқ.

Жетілген әліпби – қолдағдыны жеңіл қалыптастырудың, көзтанымды оңай жаттықтырудың, ең бастысы, ана тілінің айтылым үлгісін ұрпақтан ұрпаққа бұзбай жеткізудің кепілі. Латын әліпбиінің қолданба бағыттағы саласының аса қажет екеніне еш күман жоқ. Бірақ қазақ тілін компьютерге икемдеудің оңай да жалған-жасанды жолы көп, ал ауыр да ақиқат жолы біреу-ақ. Оңай болатын себебі – одан-бұдан өгей дыбыс жинап, таңба талғамай қиып-құрап, жамау-жасқау әліпбиді әркім-ақ түзе береді. Қиыны – бір ғасыр бойы баса-көктеп, қордаланып қалған көп дыбыстың ішінен төл дыбысты танып-біліп, жиып-теріп, өлшеп-пішіп, қазақ тіліне лайықты төл әліпби жасау. Соның нәтижесінде қазақ тілінің төл дыбыстарына сай төл әріптер қалыптасады. Қазіргі тіліміздегі басы артық ондаған жаңсақ емле-ережелер өзінен өзі ­жойылып, басы артық кірме әріптердің тіл бұзар машақатынан құтыламыз.
Әрине, мұндай ұсыныс орыс сөзде­рінің айтылымын қазақ тілінің әдеби нормасы деп қарастырып отырған қазақ ағайындарымызға ұнай қоймайды. ­Жарайды, орыс сөзінің айтылым үлгісіне тиіспей-ақ қояйық, бірақ орыс тілі дыбыстарының таңбалау реті басқа болады. Орыс тілі дыбыстарының айтылу үлгісін латын әліпбиі негізінде арнайы емле-ереже реттеп отырады. Ондай тәжірибе еуропа тілдерінде бар.

Қазақ тіліндегі кірме сөздер деп жүргеніміздің бәрі орыс тілінің айтылым үлгісіндегі сөздер. Ал шын мағанасындағы халықаралық сөздерді (орыс тілінің айтылым үлгісіне икемдемей) сол өз латын үлгісіндегі жазылымын ала салуға болады. Күнделікті шет тілін көріп-тыңдап, оқып-жазып жүрген балаға да, ересекке де оның еш қиындығы жоқ. Қайта оқу-әдістемелік тұрғыдан ұтымды болып шығады.

Қазақ әліпбиінің бұл үлгісін ұлттық жоба деп отырмыз. Өйткені қазақтың 28 дыбысының әрқайсысына тән 28 таңбасы бар. Сондықтан компьютер түйметақтасына біршама сиымтал емес, арнайы бағдарлама керек болады. Оның үлгілері түрік, неміс, т.б. тілдердің жазуында бар. Егемен еліміз арнайы бағдарлама жасаудың амалын табар. Жоба таңбалары Түркі мемлекеттері ұсынған, Астанадағы Түркі академиясы қолдаған «ортақ латын әліпбиінің» құрамынан алынды.
«Жоба» қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал жігін, сөйлеу ырғағын бұзып жазуға еш мүмкіндік бермейді. «Жоба» мазмұнынан ешқандай тіл бұзар (бүлдіргі) жаңсақ айтылым емле-ереже туындамайды.

Ескерту: әзірге ерін үндестігінің бүгінгі дәстүрлі емлесі сақталды.

Осы тұста Түрік Республикасының бір тәжірибесіне қарайлаған дұрыс сияқты. Түрік Республикасының кезінде латын әліпбиіне жарлықпен бір күнде өткені белгілі. Жарлықпен өткендіктен латын әліпбиі елдің барлық азаматтарына міндетті болды және араб жазуын пайдалануға тыйым салынды. Сондықтан басы Ата Түріктің өзі болып латын ­жазуын үйренуді бастады, үйреніп қана қоймай, «атақты қара тақтасының» алдында тұрып басқаларға өзі бас болып үйретті. Біздің Президентіміз Н.Ә.Назарбаев та өзі бастаған игі істі осындай Жарлық жасау арқылы жолға қояды деп үміттенеміз.

Бүгінге дейін әліпбишілер әліпбиді дыбыс естіліміне қарай түзіп келеді. Ал ды­быстың естілімін әркім әртүрлі қабыл­дайды (түйсінеді). Ұсынылып жатқан жобалардан кетіп жатқан жаң­сақтық­тар осыған байланысты. Жоба ұсыну­шы­лардың көп болып жатқаны да сондықтан. Бұл дұрыс жол емес, дыбыстың таңбасы оның жасалымынан (артикуляциясынан) туындау керек. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ол үшін жоба жасаушы маман фонетист болу керек.

Жазудың дыбыс құрамы мен емле-ережесін Ахаң шешіп беріп қойған, ал латын әліпбиі – тарихи дайын тұрған дүние. Оның үстіне компьютер түйметақтасында қазақ дыбыстарына сай келетін таңбалар жеткілікті. Мәселе бірегей 3-4 дыбысты қалай таңбалаймыз дегенге ғана саяды. Ең бастысы, жоба авторлары әліпбидің, жоғырыда айтқандай, кешенді мәселелерін (әліпби, таңба, емле-ереже) қалай шешіп берді, бәрі соған байланысты.

Жазу реформасын іске асыра алсақ, ең алдымен әдістемелік тұрғыдан жеңілдік болады.
Соңғы кезде әліпби ауыстыру мәсе­лесін, ауыстыра қалған күнде қай әліпбиді таңдау жайын халық талқысына салып, референдум арқылы шешу керек деген ұсыныстар айтылып жүр. Шындығында, бұл мәселе бүкіл халық жабылып шешетін іс емес екенін түсінген жөн. Әліпби жобасын тіл мамандары (фонетистер) дайындайды, сонан соң педагог-ұстаздар, әдіскерлер, сызба шеберлері, көз дәрігерлері, психологтар, т.б. арнайы сараптаудан өткізеді. Жоба арнайы сараптаудан өткен соң мемлекет тарапынан бекітіліп, көпшілікке міндетті құжат ретінде ұсынылады. Әрі қарай ол талқыланбайды, тек орындалады. Өйткені бұл Елбасы құзырымен іске асырылатын жауапты жұмыс.

Ендеше, ғылыми ақиқат көпшілік дауысқа салумен анықталмайды, ғылыми іс «асармен» бітпейді, ғылыми нәтиже аламан жұрттың қау-қаулауымен алынбайды. Ерсі көрінсе де айтайық, ғылым саласында «көп ақылы – көл болмайды». Ғылыми таным жолында азшылық көпшілікке бағынбайды, тіптен бір адам дүйім жұртқа жөн сілтеп, жол көрсетіп отырады. Жазу саласында ол – Ахмет Байтұрсынұлы. Ғылымда қоғами теңдік те (демократия) жоқ, адами теңдік те (ғұламалық) жоқ. Ғылым – адамзат болмысының бейтеңдес (бейдемократиялық) тұсы.01
Сонымен, біріншіден, орыс жазуына байланысты алған жартыкеш-жарамсақ емлеміз бен әліпбиіміздің ана тілімізге тигізген бүгінгі зардабын көре отырып, әлі де болса орыс жазуында қаламыз деудің енді реті келе қоймас. Тіптен, орыс жазуында қала қойғанның өзінде оған түбегейлі өзгерістер енгізу керек. Ал оған өзгеріс ендіреміз десек, оның дауы латынның дауынан да асып түсетініне еш күмән жоқ. Екіншіден, араға ғасырға жуық уақыт салып, араб әліпбиіне қайта оралып жатудың тағы жөні жоқ. Өйткені қазіргі ұрпақ үшін араб жазуы – көп бейтаныс жазудың бірі ғана. Үшіншіден, латын жазуы қалай-қалай дегенде де әлеми ақпарат жетістігінің бірден-бір құралы болып қалды. Оның үстіне егер латынға қазақтың төл дыбыстарын баптап өте алсақ, қазіргі жазуымыздағы тіл бұзар басы артық таңбалар мен емле-ережелер жол-жөнекей өзінен өзі түсіп қалады. Жазу реформасы дегеніміз – осы.

Ендеше латын әліпбиін жатырқамай, дер кезінде қабылдау керек болады, тек емле-ережесін баптап өтейік, ертең-ақ көз үйреніп, қол жаттыққан соң күмән сейіліп, үрей өзінен өзі басылады.

Мысал-өрнек:

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»
Nursultan NAZARBAEV, Qazaqstan Respublikasɪnɪŋ Prezidenti
«Bolaşaqqa bağdar: ruqanιy jaŋğιruw»

Other posts in this category