); ga('send', 'pageview');
Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшетіндігін, ал 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек екендігін нақты айтты. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Сондықтан халық арасында әлі де жүрген «Латынға көшу қажет пе?» деген мәселе күн тәртібінен алынып тасталу қажет. Ендігі мәселе: қабылданатын әліпби қандай болмақ?
Негізі қазақ тілінде бар-жоғы 28 дыбыс бар, алайда әліпбиіміз 42 әріптен құралған. Оның себебі XX ғасырдың 30 жылдары тілімізге орыс тілінен в, ё, и, ф, х, ц, ч, ъ, ь, э, ю, я әріптері енген, ал араб тілінен енген сөздерді жазу үшін һ әріпі енгізілген. Сөйтіп тіліміз 42 әріп 37 дыбыстан тұратын болды. Ал әлемдік тілдерге назар аударсақ:
Бұл жерде байқайтынымыз, әлемдік тәжірибеде әліпбидегі әріптер саны дыбыс санынан әлдеқайда аз болуы қажет. Осы тәжірибені қабылданатын әліпбиде қолданған дұрыс болады. Әзірге латын әліпбиінің үш нұсқасы белгілі: «бір дыбыс – бір әріп» принцибіне негізделіп құралған А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының нұсқасы (32 әріп), түрік әліпбиіне негізделген QazAqparat нұсқасы (36 әріп) және стандарт латын әліпбиіне негізделген BaiLatyn нұсқасы (26 әріп+4 диграф) және соңғысы – көпшілікке танымал емес Kazak Grammar әліпбиі. Бұл мақаланың басты мақсаты – бізге белгілі әр әліпбиді талдап шығып, қолайлысын анықтау. Алғашқысы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынған әліпби. Бұл әліпбиде өзіміздің 28 дыбысымыз және орыс тілінің в, ф, х және ч дыбыстары сақталған. 32 әріптің 24-і стандарт латын әліпбиінен алынса, 8-і диакритикалы әріп: Ää – Әә, Ğğ – Ғғ, Iı – Ыы, İi – Іі, Ňň – Ңң, Öö – Өө, Šš – Шш, Üü – Үү. «Бір дыбыс – бір әріп» принцибіне негізделген бұл әліпби меңгеруге жеңіл болғанмен, жазуда көптеген қиыншылық туғызары анық, сондай-ақ диакритикалы әріптер көп кездескен мәтінді визуалды қабылдау қиын болмақ. Бұл әліпби мәтінді транслитерлеуде қиындық туғызбайтындығы мен меңгеруге жеңілдігі – өзге әліпбилерден бір саты жоғары етеді, алайда диакритикалы таңбалардың ішінде умляуттарға біршама шрифт табылғанмен, «ілмектілерге» (Ğğ, Ňň, Šš) сәйкес келетін шрифт табу қиын болады.
QazAqparat нұсқасы да дәл осы кемшіліктермен қатар тілімізге тән емес артық әріптердің болуымен өзінің ыңғайсыздығын көрсетеді. Сонымен қатар небәрі 28 дыбысты 32 не 36 әріппен белгілеу – тиімсіз болып табылады әрі әлемдік тәжірибеде көп кездеспейтін жағдай. QazAqparat ұсынған әліпби тіл ерекшеліктері ескерілмей, тек транлитерация жасауға ыңғайлы әліпби. Бұл әліпби қабылданатын болса, тек әріпті өзгерткен боламыз, бұл нұсқамен тіл реформасын жүргізу мүмкін емес.
Келесі көпшілікке белгілі латын графикасындағы қазақ әліпбиінің стандартты латынның 26 әрпімен берілген BaiLatyn нұсқасы. Бұл әліпби 28 дыбысты 26 әріппен және 4 диграфпен белгілеген. Бұл әліпбидің өзге нұсқалардан басты ерекшелігі әрі артықшылығы – дауысты дыбыстардың жіңішке жұптарын қазақ тілінде қатаң сақталатын үндестік заңдылығына сүйене отырып ажыратуды ұсынған, яғни әліпбиде к, г, е әріптері кездесетін сөздерде жуан дауыстылардың мүлдем кездеспейтіндігі ескерілген (Мысалы: yrymshyk – ірімшік, ake – әке, ana – ана, tawyk – тауық, ciym – киім). Сондай-ақ бұл әліпби нұсқасының ең негізгі артықшылығы стандартты пернетақта орнамын өзгертуді қажет етпейді, бұл артықшылық талданып отырған 3 әліпбиде де жоқ.
Бұл әліпби арқылы тілімізге тән ерекше әріптерге шрифт таңдауда қиындық туындамайды және қазақ тілінде бағдарламалау тілін ойлап табуға мүмкіндік бергенмен, тілімізге тән орфография мен орфоэпия жақындықты алшақтатып, жазу жүйесіне нұқсан келтірері анық, сондай-ақ BaiLatyn нұсқасымен жазылған мәтіннің көлемі артып, оқылымы күрделенеді. Онымен қоса қазақ тілінде бір буынды және буын үндестігіне бағынбайтын күрделі сөздердің бар екендігін ұмытпаған жөн, сондықтан дауыстылар үшін сингармонизм заңдылықтарын қолданып әліпби жасау – бұрыс шешім. Бір буынды не күрделі сөздердің оқылуын «Орфоэпиялық сөздікке» жүгіну арқылы біліп отырамыз дейді BaiLatyn әліпбиінің қабылдануын жақтаушы Арман Байқадам мырза. Бұл тілді меңгермек шетел ел азаматтарына қандай қиындық туындатарын айтпаса да белгілі, тіпті өзіміздің қара көздерімізге де меңгеру қиынға түспек.
Талданатын латын әліпбиінің келесі төртінші нұсқасы – Kazak Grammar Alpabeti. Әліпби авторлары 28 дыбысты 26 әріппен таңбалаған. Бұл әліпбиді талдамас бұрын, алдымен кемшілігін айтар болсақ. Ол – диакритикалы таңбаларға шрифтердің болмауы немесе өте аз болуы, кірме сөздерді жазуда дыбыстардың аздығы қиындықтар туғызуы мүмкін (алайда бұл кемшіліктен бұрын қорқыныш десек болады, себебі кірме сөздерді төл дыбыстарымызбен ғана беру – тілдің басты ерекшелігі әрі құндылығы болып табылады).
Қазақ тілінде 17 дауыссыз дыбыс бар, алайда әзіргі кезде /q/ және /ʁ/ дыбыстарын /k/, /g/ дыбыстарынан бөлек дыбыс деп есептегендіктен 19 делініп жүр. Асылында, /q/ (қ) дыбысы – /k/ (к) дыбысының, ал /ʁ/ (ғ) дыбысы – /g/ (г) дыбысының аллофоны болып табылады. Аллофон – фонеманың жүзеге асуы. Бұл дегеніміз жіңішке дауыстылардың арасында келген к және г әріптері тек /k/, /g/ дыбысын, ал жуан дауыстылар арасында келеген к, г әріптері /q/ және /ʁ/ дыбыстарын ғана бере алатындығын білдіреді (kırgız – қырғыз, kirgiz – кіргіз, lak – лақ, lek – лек). Сондықтан Kazgrammar alpabeti-тін құрастырушылар әзіргі әліпбиде бар ғ және қ әріптеріне жеке әріп арнамай, 4 дыбысқа 2 әріп арнаған. Бұл қазақ тілінде қатаң сақталатын үндестік заңдылығын қолданысқа енгізудің ұтымды әрі дұрыс жолы, себебі бұндай тәжірибе түрікпен, татар және қырғыз тілдерінде 70 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және аталған тілдер еш дыбысын жоғалтпаған.
Сөйтіп Kazak Grammar Nazi /ŋ/ дыбысынан өзге барлық 16 дауыссызды латынның стандарт әріптерімен белгілеген. Тек көптеген әлемдік тілдерде арнайы таңбасы жоқ, көбіне «sh» диграфымен берілетін /ʃ/ дыбысын С әрпі арқылы белгілеп, тағы бір ұтымды қадам жасады деуге болады, себебі S әрпіне жеке диакритикалы таңба (Ş, Š) арнағанша, қолданылмай тұрған әріпті пайдалану – оңтайлы шешім. Оған қоса, 1929 және 1949 жылдар аралығында қолданылған латын әліпбиімізде де, яғни Жаңәліпте Ш-ны С арқылы белгілегендігі бәрімізге аяң. Ал тілімізге тән /ŋ/ дыбысын әлемдік тәжірибеге сүйеніп, «ng» диграфымен белгілеу – теңге, дөңгелек, теңе, жанға және тағы да басқа сөздерді жазып оқуда қиындық тудыратындықтан, энтузиасттер /ŋ/ дыбысын Ŋŋ диакритикалы таңбасымен белгілеуді шешкен. Бұл типографтар мен веб-дизайнер секілді мамандар үшін ауыр жаңалық болып есептеледі, себебі Google Fonts-тағы 497 латын шрифтерінің 280-нде ғана Ŋŋ әрпі бар. Бұл дегеніміз латын шрифтерінің 44%-нда Ŋŋ әрпі жоқ деген сөз. Сондықтан бұл мәселе – Kazgrammar alpabeti-нің басты әрі жалғыз кемшілігі десек болады.
Дауысты дыбыстарға келер болсақ, диакритикасыз болмайтын сияқты, себебі онсыз не диграф, не апостроф көмегіне жүгінуге тура келеді. Диграфтар типографтар мен веб-дизайнерлер үшін жақсы жаңалық болғанымен, қарапайым халыққа жағымсыз жаңалық, себебі қос әріп жазу – бір әріпті жазудан көп уақыт алатындығы мен мәтінді көлемді етіп, оқылымын қиындататыны анық. Ал апостроф сөздің тұтастығын бұзып, мәтіннің терілу жылдамдығы мен оқылымы нашарлайды.
Сондықтан жалғыз шешім – диакритикалы таңбаға жүгіну. Тілімізде жалпы 9 дауысты дыбыс бар, оның 4-і жуан, 5-і жіңішке. Латында ә, ө, ү сияқты жіңішке жұптары бар а, о, ұ жуан дауыстыларымызды белгілеу үшін әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын “умляуттарды” пайдалану – бір оқпен қос қоянды атумен тең болады. Бірінші қоян – дәл осы жоғарғы қос нүкте түркі тілдерінде, біршама еуропалық тілдерде (неміс, фин, эстон, мажар, словак) дауысты дыбыстың “жіңішке” жұбын белгілеуде қолданылуы болса, екінші қоян – көптеген тілдерде кездесетін диакритикалы таңба болғандықтан шрифт мәселесі орын алмайды. Сонымен, Kazgrammar alpabeti бойынша жуан а, о, ұ дыбыстары — a, o, u деп, ал жіңішке ә, ө, ү дыбыстары умляутты ä, ö, ü әріптерімен белгіленген. Ал /ɯ/ (ы) дыбысын Kazgrammar-лықтар түрік, әзірбайжан және қырымтатар тілдеріндегідей кеңейтілген латиницаның «нүктесіз I» әрпімен белгілеуді шешіпті. Бұл әріптің бас әрпі «і» дыбысын белгілеуге алынған стандарт латынның «нүктелі I» әрпімен бірдей болғандықтан, i әрпінің бас әрпін İ диакритикалы таңбасымен белгілеуге тура келеді, алайда бұл көп мәселе тудырмайды деп ойлаймыз. Нәтижесінде әліпбиде барлығы 26 әріп, оның ішінде алтауы – диакритикалы әріп (İi әрпінің тек бас әрпі диакритикалы болса, Iı әрпінің тек кіші әрпі диакритикалы, сондықтан 5 әріп қана диакритикалы десек те болады).
Ал «Ии әрпі қайда?» деген жиі қойылатын сұраққа келсек. Байқағандарыңыздай «и» әрпі тіл институты ұсынған әліпбиде де жоқ. Оның себебі «и» дыбысы қазақ тілінде – ій және ый жұбымен берілетін дифтонг, яғни қосарлы дыбыс болып саналады. Төмендегі суретте көріп тұрсаңыздар гәзет атауы – «Сотсыйалды Қазағыстан» (Социальный Казахстан), бұл жерден біз «и» дыбысын «ый» қосарлы дыбысы арқылы бергендігін және ц әрпін «тс» жұбымен жазғандығын аңғаруымызға болады. Сондықтан бұл қосарлы дыбыс тілімізге енейін деп тұрған жаңалық емес, бұрын қолданған. Осыны ескерсек, бұл шешім қазақ тілінің латынға көшкелі емес, оралғалы тұрғанын айқындап тұрғандай. Сонымен тұжырымды нақтылау үшін бірнеше мысал келтіріп өтсек: әзіргі кириллицада жазылып жүрген сиыр, сыйлық, ми, биыл, ине, ит, сияқты сөздер Kazgrammar alpabeti бойынша sıyır, sıylık, mıy, bıyıl, iyne, iyt, niyet деп жазылады. Бұл шешім арқылы tiy, tıy, siy, sıy, kiy, kıy және тағы да басқа осы сияқты сөздердегі керемет симметрияны қайтарамыз, сонымен қатар тілімізге тән орфография мен орфоэпия жақындығын одан сайын жақындата түспекпіз.
Келесі мәселе – Уу әрпі. Мектепте неше жылдар бойы әмбебап дыбыс болып келген «у» дыбысы – асылында дауыссыз үнді дыбыс, сондықтан бұл дыбысты латынның W әрпімен белгілеу шешілген. Қазақ тілінде екі дауыссыз қатар келмейді деген ережені ескерсек, «алу, беру, буын, ту, су сияқты сөздерді қалай жазамыз?» деген сұрақ туындайды. Бұл мәселе 1938 жылы жүргізілген реформаға дейін ұу және үу жұптарымен беру арқылы шешіліп отырған (жоғарыдағы Atqaruv Komijteti деген сөзден байқауға болады), алайда реформадан кейін у әрпі беретін барлық дыбыстарды (/w/, /ɤw/, /yw/, /ɯw/, /ɪw/) Uu арқылы, ал и әрпі беретін /ɯj/, /ɪj/ дыбыстарын Ii әрпімен таңбалау қабылданып, тілімізге үлкен қиянат жасалынды. Kazak Grammar Nazi ұжымы реформадан кейін жоғалған дыбыстарды қайтару мақсатында У әрпін бас буында – uw (/ɤw/), жуан сөздердің ортаңғы және соңғы буындарында дауыссыз дыбыстан соң келсе – ıw (/ɯw/), жіңішке сөздердің ортаңғы және соңғы буындарында дауыссыз дыбыстан соң келсе – iw (/ɪw/), дауысты дыбыстардың арасында – w (/w/), батыстық кірме сөздерде – u (/u/) деп жазуды ұсынады. Неге Жаңаәліптегідей ұу, үу жұптарымен шектелмедік деген сұраққа жауап: қазақ тілінде еріндік дауыстылар бірінші буыннан ары қарай өтпеуі тиіс (А. Байтұрсынұлы еңбектерінен байқауға болады). Бұлбұл, дәстүр, марқұм сөздерінің дұрыс жазылуы – бұлбыл, дәстір, марқым. Сонымен алу, беру, буын, ту, су сияқты сөздерді Kazak Grammar әліпбиі бойынша alıw, beriw, buwın, tuw, suw жазамыз. Бұл да орфография мен орфоэпияны одан сайын жақындата түспек.
Kazak Grammar әліпбиінің пернетақтаға арналған орнамы
Ал енді кірме сөздердегі в, ф, х, ч сияқты әріптерді қалай жазбақпыз деген мәселені тіліміздің байырғы иммунитетін қайта іске қосу арқылы шешуге болады, яғни тіліміздің бейімдеу заңдылықтарын жаңғыртамыз. Мысалы, кезінде «чайник», «самовар», «известь», «волость», «стол» сөздері тіліміздің ерекшеліктері ескеріле отырып, «шәйнек», «самауыр», «ізбес», «болыс», «үстел» деп бейімделген еді, алайда жоғарыда айтылған 1938 жылғы Кеңес билігінің «орыс тілінен енген сөздер, орысша жазылып, орысша оқылсын» деген құйтырқы реформасынан кейін, орыс тілінің сөздері тілімізге еш бейімдеусіз, өзгерместен ене бастады. Қызығы сол, орыс тіліне өзге тілден орыс тілінің ерекшеліктеріне сай бейімделіп енген сөздер де тілімізге орысша мақамда еніп жатыр. Кез келген тіл «шеттен» сөз «кіргізбес» бұрын оны «сүндетке отырғызуы» тиіс. «Сүндетке отырғызылмаған» сөздер тілді ластайды, ал ластанған тіл ұзақ өмір сүрмейді. Сондықтан тілімізді өлтіріп алмас үшін, кез келген тілден енген кірме сөзді тіліміздің ерекшеліктеріне сай бейімдеп барып қана енгізуіміз қажет. Міне осы мәселені алғы орынға қойып, қазақ-латын әліпбиінің кемел нұсқасын құрастырған жалғыз Kazak Grammar Nazi деп айтуға болады, себебі өзге нұсқалар қазақ тілінің ерекшелігіне сай келетін жеке әліпби құрастыруды емес тек ұтымды транслитерацияны мақсат тұтқан.
Жоғарыда айтылған барлық әліпбилер бойынша транслитерацияланған мәтінді салыстырып көрсек:
Тіл білімі институты ұсынған әліпби:
Šığırgül Šuğılalı Šığısta turatın siňlisiniň bosaňğandığı tuwralı Šımkenttegi šešesi – Šäyirgülge šuğıl joldama arqılı habarladı. Onı qulağı šalıp qalğan Ğayša töňirektegi barša jurtqa jarıya salıp Šığırgüldiň zığırdanın qaynattı. Üš künnen keyin “Siňliňniň bosaňğandığın estidik, bawı berik bolsın,” – dep Šağalalı Qapšağaydan Šığırgüldiň qayın jurtı kelipti. (316 белгі, 7 жол)
BaiLatyn әліпбиі:
Shyqyrgul Shuqylaly Shyqysta turatyn synglysynyng bоsangqandyqy twraly Shymcеnttеgy shеshеsy – Shaiyrgulgе shuqyl jоldama arkyly habarlady. Оny kulaqy shalyp kalqan Qaisha tongyrеctеgy barsha jurtka jaria salyp, Shyqyrguldyng zyqyrdanyn kainatty. Үsh cunnеn cеiyn “Сynglyngnyng bоsangqandyqyn еstydyc, bawy bеryc bоlsyn” dеp Shaqalaly Kapshaqaidan Shyqyrguldyng kaiyn jurty cеlypty. (339 белгі, 8 жол)
QazAqparat:
Şığırgül Şuğılalı Şığısta turatın siñlisiniñ bosañğandığı twralı Şımkenttegi şeşesi – Şäyirgülge şuğıl joldama arqılı habarladı. Onı qulağı şalıp qalğan Ğayşa töñirektegi barşa jurtqa jarıya salıp Şığırgüldiñ zığırdanın qaynattı. Üş künnen keyin “Siñliñniñ bosañğandığın estidik, bawı berik bolsın,” – dep Şağalalı Qapşağaydan Şığırgüldiñ qayın jurtı kelipti. (315 белгі, 8 жол)
Kazak Grammar Alpabeti
Cıgırgül Cugılalı Cıgısta turatın siŋlisiniŋ bosaŋgandıgı tuwralı Cımkenttegi сeсesi – Cäyirgülge сugıl joldama arkılı kabarladı. Onı kulagı сalıp kalgan Gayсa töŋirektegi barсa jurtka jarıya salıp Cıgırgüldiŋ zıgırdanın kaynattı. Üс künnen keyin “Siŋliŋniŋ bosaŋgandıgın estidik, bawı berik bolsın,” – dep Cagalalı Kapсagaydan Cıgırgüldiŋ kayın jurtı kelipti. (316 белгі, 7 жол)
Қорытындылайтын болсақ, латынға көшуден ешбір саяси астар іздеудің қажеті жоқ, себебі бұл тек қазақ жазуын реформадан өткізуге бағытталған бастама болып табылады. Сол себепті «Латынға көшудің не қажет бар? «Өзіміздің» кириллицамызда қала берейік» деген сөзді қойып, тіліміздің ертеңін ойлайық. Қабылданатын әліпбиіміз максималды түрде жазылымы жеңіл, оқылымы оңай, терілімі жылдам әрі меңгеруге тиімді болуы қажет. «Менің ойым оларға не үшін қажет?» деген ойдан арылып, өз ойыңызды билікке жеткізуге тырысыңыздар, себебі тіл программистерге, типографтарға немесе веб-дизайнерлерге емес ең бірінші халыққа керек. Аталған төрт нұсқаның әрқайсысымен жеке танысып, қайсысы тиімді екенін анықтау – сіздің қолыңызда.
Massaget.kz