); ga('send', 'pageview');
 

Әліпбилер ішіндегі әмбебабы

Qazaq Tili

Келешектің стратегиялық көк­жиегінде қазақ әліпбиін латынға көшіру өзін сөзсіз ақтайтын ерекше үрдіс екені анық.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр­ғандай, әліпби реформалары барлық жерлерде және әрқа­шан қоғам дамуының күрделі, өтпе­лі кезеңдеріне сәйкес келіп отыр­ған. Сонымен бірге, таза эконо­ми­калық тұрғыдан алғанда да көңіл­ге мүлдем қонымсыз болып са­налған. Соған қарамастан, көптеген мемлекеттердің басшылары ұзақ мерзімді стратегиялық пайым-парасаттан туындаған, табанды ерік-жігермен астасқан саяси шешімдер қабылдағанын білеміз. Сайып келгенде, сол шешімдер жүзеге асқан.

Әліпби реформасы үлкен жауап­кер­шілікпен, әрі елдің жоғарғы бас­шылығының жүйелі бақылауымен іске асуы тиіс. Бұл арада Қазақстан Республикасының жаңа елордасы – Астана қаласын салу жөніндегі жобаның табысты жүзеге асырылуы үлгі болмағы ләзім. Сол кездерде сарыуайымға салынып, қара аспанды жаудырғандардың қанша болғанын еске алыңыздаршы… Ақыр соңында, кімдікі дұрыс болып шыққанын және білесіздер.

Латынға көшуге қарсылар әрбір әліпби қандай да болсын өркениеттің өзіндік «ныспыхаты» болып табылатынын әділ түрде атап көрсетеді. Сондықтан, әліпби таңдауы, сонымен қатар дамудың өркениеттік арнасының да таңдауына айналуда. Алайда, қазақ алфавитін латынға көшіру идеясын олардың тек батысқа бет бұрып бейімделу, Ресейден алыстау деп қабылдауы қалай болғанда да қате түсінік екенін баса айтқымыз келеді. 
Латын әліпбиінің қазіргі әлем­дегі жай-күйі мен мәртебесі бірегей деп батыл айта аламыз. Бүгін­гі таңда ол іс-жүзінде әмбебап жаһан­дық сипат алды, оны бір-бірінен мәдени, географиялық және басқа тұрғыларда алшақ жатқан елдердің басым көпшілігі қолдануда.

Азия құрлығының мұсылман емес бөлігінде латынды Вьетнам мен Филиппин пайдалануда. Ал Қытай мен Жапонияда иероглиф жа­зуы­мен қатар латын транскрип­циясы белсенді жұмыс жасайды. Атап айтқанда, бұл елдерде ком­пью­терлендіру мәселесі нақ осы жолмен шешілген. Ақырын­да, латын әліпбиін Латын Амери­ка­сының барлық елдері, сондай-ақ Африка мен Мұхитстан халық­тары­ның неғұрлым дамыған тілдері қолдануда.
Ойымды түйіндесем, латын бүгінгі таңдағы әмбебап халық­аралық әліпби болып табылады. Оның пайдаланылуы батыстық бағ­дар ұстаумен мүлдем де байла­нысты емес. Керісінше, бұл – Қа­зақ­станның әлемдік қоғамдастыққа то­лық құқықты мүше болып кір­геннен кейінгі уақыт талабы, өмір үдесі, ұлт мүддесі десек құба-құп. 

Тимур КОЗЫРЕВ,

саясаттанушы, сарапшы 

Other posts in this category